Жастар

Елеулі ерекшеліктер

Еріктілер жылы 

Жалпы бүгінде облыс бойынша 94 волонтерлік топ бар. Сол еріктілер, әсіресе, биыл ерекше көзге түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Еріктілер жылында өңірде қандай істер атқарылды? Гранттық байқаулар нәтижесінде қанша жоба іріктелді? Алдағы жоспар-міндеттер қандай? Бұл туралы облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева жауап берді.

 Берекелі белсенділік

Аталған орталық басшысы Гүлнар Қабиеваның айтуынша, облыста Еріктілер жылын жүзеге асыруға жоспарланған 44, сондай-ақ жастармен бірге 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды.

  • Еріктілер жылының басты идеясы — волонтерлік қызметті адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Еріктілік жастардың белсенділігін көрсетіп қана қоймайды. Ол адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз. Соңғы жылдары волонтерлік қызмет жақсы дамып келеді. Жастарды ынталандыру мақсатында «Жас Ақтөбе» сыйлығы аясында ең үздік волонтерлер мен волонтерлік ұйымдарды марапаттау жоспарлануда.
    Қазіргі таңда облыста 2 мыңнан аса адамды біріктірген 94 волонтерлік топ бар. «Ақтөбе қайырымды жандар», «Нұр-Шапағат», «Д.А.Р.» және «Жүректен жүрекке» волонтерлер тобы жүйелі түрде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, жалғызбасты қарттар, мұқтаж жандар мен жетімдер, аналар үйлеріне материалдық, рухани, қоғамдық көмектер көрсетіп отырса, «Мейірім» волонтерлер тобы мен «Қызыл жарты ай» қоғамының еріктілері «Репродуктивті денсаулық», «Алғашқы медициналық көмек» бағытында қызмет атқарады,
    — дейді Г.Қабиева.

Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және жастар ресурстық орталығы жанынан 20 волонтерден тұратын «Жас сақшы» тобы арнайы құрылды. Бүгінде аталған топ жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге кешкі рейдтерге шығып, қадағалау жұмыстарын жүргізуде.

Акцияға қосылған үлес

Биыл төтенше жағдай кезінде облыстық волонтерлер штабы құрылып, құрамына 300-ден астам волонтер жұмылдырылды.

«Бізбіргеміз» акциясы аясында  барлығы 374 шара ұйымдастырылып, 21019 көмек көрсетілді, сондай-ақ 4356 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар волонтерлермен үй жағдайында ем қабылдайтын ардагерлер, қарттар тұратын 169 үйге жергілікті емханалардан дәрі-дәрмек жеткізілді.

  • Карантин режимінің алғашқы кезеңінде ел іші дүрлігіп, қарапайым бетперденің өзі тапшы болғаны рас. Осы кезде еріктілер республикалық «Жақыныңа жанашыр бол» акциясы аясында 2 мыңға жуық медициналық бетперде және қоғамдық орындар мен көліктердегі тұрғындар арасында 5 мыңнан астам ақпараттық парақша үлестірді. Сонымен қатар «Біз біргеміз», «Біргеміз, Мақтаарал», «Халық Қоғамдық Қоры» акцияларына да белсенді қатысып, гуманитарлық көмек жолдады, — дейді Г.Қабиева.

 

«Бізбіргеміз»: 7 бағыт, 38 жоба

 

Волонтерлер жылы аясында «Біргеміз» ұлттық жобасының 7 бағыты («Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза Әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Үміт») бойынша жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Волонтерлық бастамаларды қолдауға бағытталған 300 мың теңге көлеміндегі гранттық конкурстарға барлығы 38 жоба іріктелді. Гүлнар Қабиева осы жобалардың бірқатарына тоқталып өтті.

  • Жобаның «Білім» бағыты бойынша Мұғалжар ауданында жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында орталық жанынан құрылған 5 клуб жұмыс жасайды.

«BIRGEMIZ: Taza Álem» жобасы аясында жыл бойына 138 тазалық акциясы өтті. Акция барысында 3249 белсенді ерікті жұмысқа тартылды. Қазіргі таңда қала және облыс аудандарында тазалық акциялары жүйелі түрде іске асырылып, тұрғындардың оң бағасын алуда. «BIRGEMIZ»: «Asyl mura» жобасы бойынша өңірдегі Шалқар, Мұғалжар, Ойыл, Қобда, Алға аудандарына волонтерлермен экспедиция жұмыстары жүргізілді. Шараға 40-қа жуық волонтер тартылып, туған өлкенің тарихи жерлерімен, шығу тарихымен танысып, көптеген мағлұмат алды, — дейді ол.

 

ТИМУРДЫҢ КОМАНДАСЫ

 

Биыл «Арманыңа қол жеткіз» атты жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған жоба нәтижесі қорытындыланып, 16 адам облыс әкімінің грантын иеленген болатын. Бүгінде бұл жоба сәтті жүзеге асырылып, грант иегерлері өз кәсіптерін дөңгелентіп отыр.

Алғаш рет ұйымдастырылған жобаға Ақтөбе қаласы және облыс аудандарынан 78 өтініш келіп түскен. Менторлар мен кәсіпкерлер, депутаттардан құралған комиссия мүшелері «Ауылды көркейту», «Мәдениет және бос уақытты тиімді пайдалану», «Отбасылық құндылықтар және дәстүр», «Білім беру кіші жобалары», «Салауатты өмір салтын дамыту», «Экология және абаттандыру», «Туризм» сынды бағыттар бойынша ең озық әрі сұранысқа ие 16 жобаны мақұлдады.

Айта кетейік, жобалардың арасында ұлттық нақышта дәстүрлі бұйымдарды өндіру, мал шаруашылығын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балаларға ақысыз қызмет көрсету, энергетикалық сусындар өндіру, «Эко-бұйымдар» өнімдерін шығару, ішкі туризмді дамытып, өңіріміздің киелі жерлеріне туристік маршрут ұйымдастыру сынды жобалар озық деп танылған.

Ақтөбелік Алдияр Имашев пен Тимур Нарымов туристік маршруттарды ұйымдастыруды кәсіпке айналдырған. Егер қаламыздағы мәдени орындарға, демалыс базаларына немесе табиғат аясына, облыс аудандарындағы тарихи жерлерге саяхаттағыңыз келсе, «Team travel group» туристік орталығының көмегіне жүгіне аласыз. Кәсіпкерлер «Туризм» бағыты бойынша қайтарымсыз 1 500 000 теңгелік грант иегерлері атанды.

  • Осыдан үш жыл бұрын мектепте жұмыс жасадым. Бір сыныптың оқушыларын қаламыздағы тарихи, мәдени жерлерге экскурсияға алып барғаным бар. Балаларға да, ата-аналарына да ерекше ұнады. Сонда туристік орталық ашу туралы ой келді. Қазір оқушыларға да осындай қызықты экскурсиялар ұйымдастырамыз. Автобуспен барар және келер жолда қаламыздың тарихы, басқа да қажетті мәліметтер туралы әңгімелейміз. Билет құны 500 теңгеден 1000 теңге аралығында. Бұл қолжетімді баға деп ойлаймыз.

Сондай-ақ ересектерге де түрлі бағытта турлар ұйымдастырамыз. Тур аясына белгіленген жерге бару үшін көлігі, тамағы, фотосессия жұмыстары, көңілді уақыт өткізуге арналған түрлі квест ойындары кіреді. Бағасы баратын жерімізге байланысты 6 мың теңгеден басталады.

Қазір таңертеңнен кешке дейін кеңседе отырып жұмыс істейтіндер көп. Жұмыс режимінен арылу үшін бірер сәт табиғат аясына шығып, салауатты өмір салтын ұстанған жөн, — дейді Тимур Нарымов.

Бүгінде Тимурдың командасында 5 адам жұмыс істейді. Бұған дейін бірнеше рет студенттермен қала сыртындағы «GreenLand» демалыс орталығына және Қарғалы ауданына саяхат ұйымдастырды. Ендігі басты мақсаты — осы кәсібінің аясын одан әрі кеңейту.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button